BeWoman кейсі: PR-мамандар үшін басты қорытындылар

Қыркүйек айының соңында Алматыда BeWoman форумы өтті. Бұл іс-шара әйелдерді өмірдің барлық салаларында – бизнестен бастап қоғамдық және мәдени бастамаларға дейін – ілгерілетуге (қолдауға) бағытталған шара ретінде ұйымдастырылды.

Биылғы жылы форумға жүздеген қатысушы мен танымал қонақтар жиналды. Олардың арасында – Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева, бизнес-тренер Брайан Трейси, Ирина Хакамада және басқалар бар. Жобаның негізін қалаушы – кәсіпкер Сергей Канның жұбайы Жанна Кан.

Алайда, көпшіліктің назарын көшбасшылық туралы дәрістер емес, бірнеше даулы эпизодтар аударды. Сұхбаттарының бірінде Жанна Кан қазақстандықтар “салық төлеуді әлі үйренбеген” деп мәлімдеп, тұрақсыздыққа мысал ретінде “Қаңтар” оқиғаларын атап өтті. Ал форум барысында ресейлік коуч Алексей Ситников сахнадан Владимир Путинді “әлемді өзгертуге қабілетті пассионарлық көшбасшы” деп атады, бұл әлеуметтік желілерде наразылық тудырды. Оның сөйлеген сөзі бейнежазбасы тез таралып, қолданушылар ұйымдастырушылардан жауап талап етті. BeWoman Asia берген түсініктемесінде, спикерлердің баяндамалары әдетте алдын ала келісілетінін, алайда “спикердің бір сөзі тікелей эфир регламентінен шығып кеткенін” атап өтті.

Қазақстандық БАҚ-та, сондай-ақ Facebook пен Threads-тің қазақстандық сегментінде форумға және оның негізін қалаушыға қарсы ауқымды науқан басталды. Дау бірте-бірте басылып қалған болатын, бірақ Динара Сәтжан Жанна Канды көпшілік алдында қорғауға тырысқаннан кейін, пікірталас жаңа күшпен өршіді. Оның Facebook-тегі жазбасы 1200-ге жуық пікір жинады және бұл да теріс қабылданды. Дағдарыстың одан арғы егжей-тегжейіне үңілмей, қазақстандық PR-мамандары бұл кейстен қандай қорытынды шығара алатынын талдап көрейік.

Бірінші сабақ.  Көбісі атап өткендей, спикерлерді мұқият іріктеу және олардың мазмұнын бақылау.  Спикерлерді мұқият брифингтен өткізу, қатысушыларға тыңдаушылардың наразылығын тудыруы мүмкін сезімтал тақырыптарға тоқталмау керектігін егжей-тегжейлі түсіндіру.Ситниковпен брифинг өткізілмегені анық, сондықтан ол өзіне еркіндік беріп, дау тудырды. Спикерлерді таңдау – бұл форумның беделінің негізгі элементі.

Екінші сабақ: Дағдарыстық жағдайда ұйымдастырушылардың мінез-құлқы өте маңызды. Ситниковтың сөйлеп тұрған кезінде жүргізуші оны тоқтатқан жоқ, ескерту жасамады және ережелерді еске салмады. Даудан кейін BeWoman командасы нақты ұстаныммен шықпады – кешірім де, баспасөз конференциясы да болған жоқ. Ұйымдастырушылар, негізінен, «стратегиялық үнсіздік» стратегиясын таңдады. Алайда, бұл тактика дағдарыс вирустық сипатқа ие болмаған жағдайларда ғана жұмыс істейді. Тақырып жаппай резонанс тудырған жағдайда, белсенді коммуникация жүргізу, түсіндіру, кешірім сұрау және түзету әрекеттерін жасау қажет.

Үшінші сабақ: Кешірім сұрау мен түсіндірулер тек осы сәттегі беделді сақтап қалу үшін ғана емес, болашақ үшін де қажет. Дағдарыстық коммуникациялардың жетекші теоретигінің бірі Тимоти Кумбс дағдарыс кезіндегі мінез-құлық компанияны болашақта қабылдауға әсер ететінін атап өткен. Қарапайым тілмен айтқанда: егер ұйым дағдарысты нашар басқарса, аудитория мұны келесі жолы міндетті түрде еске салады. Бұл компанияларға да, танымал тұлғаларға да қатысты. Сондықтан, егер BeWoman форумын қайта өткізуді шешсе, аудитория бұл эпизодты міндетті түрде еске салады.

Төртінші сабақ: Бұл көбінесе блогерлерге/инфлюенсерлерге/танымал тұлғаларға қатысты. Дағдарыстан кінәлі адамның өзі шығуы керек. Блогерлердің немесе инфлюенсерлердің басқа адамның беделін «құтқаруға» тырысуы – нашар идея. Олар, егер кінәлі адам қатесін мойындаса, қолдау көрсете алады, бірақ оның орнына мұны жасамауы тиіс. Шәріп Серіктің беделін «ақтауға» тырысқан Әлішер Елікбаевтың мысалы бұған дәлел: ол өзі сынның ортасында қалып, Вадим Борейконың YouTube-бағдарламасында ақталуға мәжбүр болды. Елікбаевтың жағдайында сол кезде үшінші сабақ та іске қосылды – аудитория оған бірден Жаңаөзен оқиғасын еске салды. Дәл солай, Динара Сәтжан да Жанна Канды қорғай отырып, онша қатал болмаса да теріс реакцияға тап болды.  

Бесінші сабақ: Аудиторияға билік ету елесі. Инфлюенсерлер көбінесе қолдау көрсететін пост арқылы қоғамдық пікірді өзгерте аламыз деп ойлайды. Алайда, Елікбаев пен Сәтжанның жағдайлары мұны жоққа шығарады: аудитория шынайылық пен манипуляцияны жақсы ажыратады. Егер кінәлі адам өзі кешірім сұрамаса, ешқандай «қолдау посттары» оның имиджін құтқара алмайды.

Алтыншы сабақ: Коммуникациялық дағдарыс – бұл тек дағдарыстық коммуникациялық жоспарлар мен процедураларды, дағдарыстық алгоритмдерді және т.б. сынау ғана емес. Коммуникациялық дағдарыс – бұл ең алдымен ұйымның, оның философиясының, мәнінің, адалдығының сынағы. Егер ұйымның/компанияның өзі қызметкерлеріне нашар қараса, қабылданған стандарттарды, заңдарды, жергілікті мәдениетті, дәстүрлерді және т.б. құрметтемесе, онда ол дағдарыстан бір рет, екі рет, үш рет шығуы мүмкін, бірақ ерте ме, кеш пе ол даудың ортасында қалады.